Сұрақ-жауап

Бүгін мектепте 5-сынып оқушыларына интервью бердім :)
Бұл мектеп кәдімгі мектеп емес, „қиын-тәрбиелі“ балаларға арналған мектеп.
Мұғалімдерге обал, күнде ұрыс-керіс, тіптен төбелеске дейін барады.
Мектепте 1-5 сыныпқа дейінгі оқушылар. Кейбіреулерінің ата-анасы қылмыскер,
кейбір балалар психиатрияда емделіп те үлгерген… Басымы AD/HD – ADHD деген „дертке“ ұшырағандар.
Бұл мектептердің басты алғашқы мақсаты балаларға білім беруден бұрын, „қоғамға лайық етіп“тәрбиелеу.
Тәрбиелеу тәсілдері өз алдына бір үлкен тақырып…
5 сыныптың оқушылары Қазақстан туралы білгісі келіп ынталанғаны қуантты. Кеше екі парақ қағазға сұрақтарын тізіп маған ұсынды. Жалпы тақырып „Германиядағы шетелдіктер“ екен. Қазақстанды алған себебі, бұл жақтың оралмандарының басымы Қазақстаннан. Олардың тұрған жерін, туған жерін, өмірімен танысу мақсатымен өткізіліп жатса керек.
(мектепте мұғалімдерді „Сен“ деп атайды) Сұрақтары :

  • Өзіңді қазақша таныстырып өт :)
  • Сен „көшпенді“ болдың ба? – Жоқ
  • Қазақстанда шетелдіктерге қалай қарайды? – кәдімгідей, :) шетелдіктер салыстырмалы түрде алғанда жалпы аз. Ал орыстар шетелдік емес, олар өз елінде, оларға келімсектер деп қарап көрмеппін.
  • Үйлеріңде мал бар ма, бар болса қандай түрі? – бар: қой, ешкі, жылқы т.б.
  • Жазық даланы (степь) қалай елестетсе болады?- Суреттер
  • ҚЗның қай жерінде туып өстің? – Оңтүстік :D
  • Қазақстанда өзіңді жақсы, еркін сезіндің бе?- Әрине ;)
  • Сен шетелдіксің бе жоқ оралмансың ба? – шетелдікпін :)
  • Сен „бай“ қалада тұрдың ба жоқ „кедей“ қалада ма? Таза ма жоқ қоқысқа толы ма?- Бұл сұрақтың кезегі келмеді..
  • Байқоңыр туралы не білесің? Ракетаның ұшқанын өз көзіңмен көрдің бе? Апат болып тұрады ма? Американдықтарды онда кіргізеді ме? – қайдам, ол жер орыстардікі әзірше…
  • Неміс тілін қайдан білесің, қашан үйрендің?- бұрын мектептен бастап..
    Сен тұратын жер жаңбырлы ма, суық па ыстық па?- қыста қақаған суық, жазда шөл даладай… :lol:
  • ҚЗда бос уақытыңды қалай өткіздің?- достарыммен…
  • ҚЗда қыздар, жалпы әйелдер қауымы орамал тағуға мәжбүр ме?- жоға…
  • Терракт болды ма?- сақтасын… :roll:
  • Германияда қалғың келеді ме жоқ қайтқың келеді ме?- кетем бұйырса! :D
  • Қандай дінді ұстанасың?- мұсылман…
  • Қазақстанда тіл еркіндігі, ой еркіндігі берілген бе?- но комментс.. ;)
  • Қандай мейрамдарды тойлайсыңдар? – көп, себеп болса болды, тіпті валентин күнін де тойлаймыз! :lol:
  • Германияда саған қиын болды ма? Неге?- інімді сағындым, балапаным ғой сол.
  • Сені ҚЗда неміс дейді ме? – неміс емес екенімді бірден түсінсе керек, бұл сұрақ та қойылмады..
  • Германияның қай жері ұнамайды, қай жері ұнайды?- айта берсем екі жағынан да көп…
  • Қазақтардың әдеттегі жейтін тағамы не? – қонақ келсе бесбармақ, мәнті!Aйтпақшы қыста соғым :lol: : Ойбай, неткен қатыгезсіңдер!!!
  • ҚЗда ылғи да бәрін де сатып алуға мүмкіндігі бар ма?- ой ол деген релатив… Мысалы Германиада жексенбі күні қалаған нәрсеңді сатып алам деп армандама… Ақшаң болса қалтаңда… :roll:

Бұл сынып бар сұрақты қойып үлгермеді, мені тағы да бір жол қонаққа шақырды :)

Біз қай елміз- біз бай елміз…

  • - Жыным кеп тұр! :evil:
  • -Жәй ма?
  • - Осы еуропалықтар бізді бір таудан түскен халық деп санайды..
  • - Неге олай дедің?
  • - Үйлеріңде ағып тұрған ауызсу бар ма деп сұрайды! Бізді инфрақұрылым дамымаған, тіптен қазақ үйде тұратындай көреді..  Олар Астана мен Алматыны көрген жоқ қой.. :roll:
  • – хмм.. сол ма шамданып жүргенің?
  • – Иә, сол. Бір дамымаған елден келгендей!
  • -  Оның несіне шамданасың? Біздің ауыл тұрмақ қаланың өзінде ауызсу үйде ақпайды, үйде тұрмақ есік алдында су құбыры жоқ. Тіпті Алматының өзінде солай емес пе?
  • -  Сонда да…
  • - :roll:    Көрші ауылда цистернамен су әкеліп тастайды, сол су бітсе арықтан ішсең де өзің біл, суды қайдан тапсаң одан тап! Ал кірді жаңбырдың суымен жуатынымызды қылымсып жасырмай-ақ қояйық! Кейбір су көзі жоқ ауылдарда, көлігі бар кісілер бизнес жасайды-мыс.. Яғни көлігімен суды әкеліп жергілікті жұртқа сатады-мыс. Ондай масқаралар да бар ғой!

_________________________________________________________

  • -  Ресей газ құбырын жауып тастамақшы, қазір біздің оңтүстік Еуропадағы елдеріміз үйлерін жылыта алмай,  суықта қалып қойыпты… Сіздерде газ-бензин деген су-тегін шығар ә?! Қазақстан мұнай-газға бай ғой шіркін!  Германия сол газ бен мұнайға тәуелді-ақ..  Сендерге рахат,  күні-түні газбен үй жылытсаң да… :-P
  • -   хмм, біз үйді газбен емес, күйелеш-күйелеш боп көмірмен жылытамыз ауылда, газ  құбыры болған емес. Қаладағы газ орталығына телефон соғып, бір балон газға тапсырыс береміз, олар қолдары тигенде әкеліп тастайды, солай… ;-)
  • – Мен сендерді газдың ортасында қалқып-шалқып отыр деп қалсам.. Елдеріңде адам саны сонша көп те емес қой…
  • –    :oops:

_________________________________________________________

  • -  Біздің Африка керемет, байтақ дала-бай дала, жері құнарлы, пайдалы қазбаға толы, бүкіл Еуропаны асырап отырған біздің Африка! Еуропа оның ширегіне жетпейді… Жұрты да дана…
  • - Жарығым мұнда не істеп жүрсің? Еліңнен неге қашып кеттің?
  • :oops:

___________________________________________________________

  • - Осы немістер дым нан пісіре алмайды
  • - Маған ішінде күнбағыстың дәні бар қара наны ұнайды, ондай бізде жоқ…
  • - Қыздарын айтсаңшы, түріне болайын..
  • - Маған орыстардан айырмашылығы жоқ… Шаштары сары, көздері көк..
  • - Қойшы біздің орыстың қыздарының тырнағына татымайды, киінген сықайын қарасаңшы..
  • - :roll:

Сыпайы спам

…немесе блогтың құпия жанкүйерлері.  Өздері орыс тілді қауым. Қазақ тілін мүлтіксіз түсінетіндей кейіп көрсетеді. Кім білсін, мүмкін қазақ тілін іштей үйреніп жүрген де болар!?  Сіздердің назарларыңызға біраз комменттерді ұсынайын.

  • Классно всё: и картинка ,и информация
  • Опубликовал на своем блоге вашу статью, и напечатол там конечно-же обратную ссылку на вас. Но вот зашел посмотреть поевился ли трекбек, а его нет…
  • На Ваш блог знакомый в аську ссылку кинул. Оказалось ,что не зря Понравилось. Тепрь постоянно читать буду
  • Ты как обычно радуешь нас своими лучшими фразами спасибо, беру!
  • Огромное человеческое спасбо!
  • Навеяно наверное стандартным мышлением? Будьте проще ))
  • Интересно сделано. Почти за душу берёт, заставляет смеяться над остальной блогосферой. Но несовсем полно тема обозрена. Где об этом почитать подробно? С уважением, спамобот

Міне осындай комменттер.  :roll: Ерінбей жазып жүрген кімдер болды екен ә!? Сіздерге де осындай хаттар келеді ме?

FSJ немесе ерікті жұмыс

FSJ-freiwilliges soziales Jahr қазақша „ерікті социалды жыл“ боп аударылады. Бұл Германияда кеңінен таралған, 16-27 жас арасындағы қауымға арналған бағдарлама. Аты айтып тұрғандай, жастар мектептен кейін бір жыл „өз еркімен“ белгілі бір ұйымдарда қызмет етеді. Мысалы социалды жылды: емхана, балабақша, қарттар үйі, балалар үйі, мүгедектерге арналған ұйымдар, бала-мен анаға арналған курортта, жастар үйі сияқты мекемелерде өткізуге болады. Қай мекемеде жұмыс жасаса да, барлығының біркелкі алатын тиын-тебені де бар.

Ерікті экологиялық жыл, ерікті мәдени жыл дегендер де бар. „Мәдени жылды“ театр, радио сияқты мекемелерде, экологиялық жылды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған институттарда, теңізді қорғау, био өсімдіктер, археология ұйымдары, тіптi Гринписте жұмыс атқаруға мүмкіндік туады. Жастардың алатын жалақысы өте төмен, жұмыс уақыты кәдімгі ұйымдағы әріптестерден кем емес. Жұмыс орнын Қызыл крест сияқты көптеген ұйымдар ұсынады. Бұл бағдарламаны шетелде де өткізсе болады.

Неліктен бірден оқуға түспей, бір жыл уақытын босқа өткізеді екен деген сұрақ туындайды. Осындай тәжірибелі жылдың маңыздылығын атап өтейін.
Мектепті бітіре сала әр абитуриент университетке іліне қоймайды. Кейбір факультетте студент таңдау ережелері қатаң. Ал басқа жоғарғы оқу орындары осындай бір жылды, іс жүзінде тәжірибелі түрде,өткізуіңізді талап етеді. Сондықтан да өмірбаяныңызда „Өз еркімен жұмыс істеді “ деген жазба еш артықшылық жасамайды.

FSJ болашақ мамандығыңызға қол жеткізудің шарасы ғана емес. Сол бір жылдың ішінде өзіңіз армандаған мамандықпен танысып, оқуға түскенге дейін ойланып, шешіміңізді бекітугe мүмкіндік ашады. Осы бір жылдың ішінде өзіңіз сияқты 40 шақты жастармен танысып, дос тауып, ой бөлісіп, біраз қызық уақыт өткізесіз. Бес рет семинарға қатысу міндет, яғни бір семинар бір апта, сол бір аптада әлгі әр ұйымда қызмет ететін жастар бас қосады. Семинарды арнайы 2-3 маман жүргізеді. Жұмыстағы табыстар мен қиыншылықтар айтылады, жастар ойын ойнап, би-билеп, өнер де көрсетіп бір аптадан кейін жұмысына қайтады.

Бір жыл босқа кетеді дейтіндер де бар, бірақ менің ойымша осы бір жылда ұтылғаннан гөрі ұтқаның көп.   Жастар шынығады, жауапкершілікке үйренеді. Бұл бағдарламаны бастап, бір ай болар болмас шыдамай кетіп қалғандар да бар. Мамамды сағындым деп жылағандарды да көресің.

Жалпы Германияда істегің келсе, атқаратын ерікті жұмыс түрі көп. Ерікті от сөндірушілер, өз еркімен мүгедектерге көмек беретіндер, айта берсең барлық саладан табуға болады. Әрине бұл жұмыс аптасына 1-2 сағат, ақысыз. Қазақстанда осындай бағдарламаның жоқтығы өкінішті.. Жастарға бағдар беріп отырар еді..
Мен жаз сайын мүгедек кісілермен қала қыдырамын. Олар 1-2 аптаға демалысқа барады. Жанында көмекші болып барамын, ақысына басқа ел, басқа жер көріп келемін. Биыл Аллаһ бұйырса Канар аралдарына, Тенерифеге сапар шегуім мүмкін, жауап күтіп жүрмін!

Көктемде біздің университеттің тапсырысымен, жаңа бір жоба басталады. Бұл жоба Германияда тұратын „шетелдіктерге“ арналған. Яғни түрік, орыс сияқты қауымның балаларына бағытталған. Германияның білім жүйесі шетелден көшіп келгендер үшін күрделі, бөлшектелген, қаймағын сүзіп алатын рақымсыз жүйе. Бұл жөнінде келесіде баяндармын.. Осы сүзгіден сол түріктер, арабтар, орыстардың басымы өтпейді. Яғни сабақтары нашар, неміс тілі ақсаған басқа ұлт өкілдері. Көбісі мектепті бітіре алмайды, сыныпты бірнеше рет қайталауға мәжбүр. Тіл білмегендердің болашағы белгілі, жұмыссыздық, еш мансапқа ие бола алмайды. Ары кетсе дөнер сатып, такси айдайды.. :( Ұзын сөздің қысқасы: осы балаларға көмек керек. Ата-анасы немісше білмейді, туысқандары да, көршілерінің азы ғана немісше сөйлейді, сондықтан балаларға тіл ұйғару мүмкіндігі қалмайды. Университеттің мақсаты, осы балаларға „өкіл“ аға, „өкіл“ әпке тaуып беру, олар: ерікті студенттер, жоғарғы сынып оқушылары. Мен түрік отбасын таңдадым: өзім олардан түрікше үйренемін, балақайға немісшесін үйретіп, үй жұмысын жазуға көмектесемін. Проект жарты жыл созылады, жақсы нәтиже берсе, жалғастыратын болар.

Келесі аптада дайындық семинары. Онда біздің құқығымыз, міндеттеріміз, ережелер тб. жұмысқа қатысты нәрселер аталып өтеді. Семинар алты аптаға созылады.

Мен әлі қыз ба ұл ма хабарсызбын, бұйырса келесі аптада танысамын! Бір-түрлі боп жүмін :lol:

Дәстүрдың озығы бар, тозығы бар..

- Тоқ-тоқ-тоқ…
- Бұл кім әй?
- Тоқ-тоқ!!!
- Әй кімсің?
- Құдайы қонақпыз..
- Кім дейді?!
- Құдайы қонақпыз аға, құдайы қонақ!

- Әa? Өй Ассаламәлеуйкүм, жәйшылық па? Түннің екі ортасында не қылған жүріс? Кіріңдер, жоғары шығыңдар! Әй кемпір, тұр-тұр тез, шәй-пәй дайындап жібер! Шәй дайын болғанша әңгімеден шерте отырыңыздар, қайдан келе жатырсыздар, біреуді іздеп жүрсіздер ме?

- Көрші облыстан боламыз, пәлен рудың, түген ұрпағынанбыз. Бүгін таң сәріде екеуіміз аттың басын нағашы жұртқа, Шоқпар ауылына бұрдық. Кеш боп кеткеннен кейін, дала тұман, осында бір үйге түсейік дедік…

- Солай ма, өй мен Шоқпарда бәрін танимын, менің де сонда бөлелерім тұрады. Нағашыларыңыз кім болады?! Кемпіp, шәй дайын ба? Кәртөшке-мәртөшке қуырып жіберсеші, төсек сал кісілерге…

Кәртөшке де қуырылды, шәй де келді, бейтаныс жандарға арналып мамық төсек салынды… Қонақтар мен үй иелері шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құрды. Құдайы қонақтар азаңмен тұрып тамақтанып, өз жайына кете барды.

Бұл менің бала кезімде есте қалған оқиға. Жасым 10-11 шамасында болса керек.

Қазір „Балуан Шолақ“ повестін бастадым. Ауылдың кісілері қалаға қонаға барғанда, алдын-ала қай үйге, кімнің үйіне түсуін жобалап, өзара ақылдасады. Әрине қонақ күтетін үй, құдайы қонақтардың бұл жоспарынан хабарсыз. Кейде ауқатты үйге түсіп, қожайынның, келіннің қонақжайлылығын сынайды. Мен ол заманның құндылықтарына таңданамын. Қонақ күту өз алдына бір мәртебе болса керек. Бақуатты кісілер тіптен ірі қарасын сойып, жарлы кісілер соңғы лағын союға дейін даяр болған екен. Балуан Шолақтың дос-жарандарының адалдығы, ер-намысы, жұртымыздың қонақжайлылығы. Осы құндылықтарды жоғалтып алғандаймыз… Қазіргі таңда бөтен кісі есікті қағып: Құдайы қонақпын десе босаға аттатар ма едіңіз? Күмәнданамын. Өз басым да бейтаныс жанды үйге қондыруға сескенер едім. Бұл дәстүр қазіргі заман талабына сәйкес келмей, ұмыт болатыны күмәнсіз. Өкінішті-ақ. Қоғамдағы құндылықтар өзгеріп, бөтен мәдениеттердің ықпалымен басқа дәстурлер белең алып келеді.. Кітапты оқып отырып осы болған оқиға есіме түсті. Сіздермен де бөліскім келді.

Ұстазға хат немесе студенттік өмірімнен қысқаша үзінді

Сәлеметсіз бе Шолпан тәтей,

Қал-ахуалыңыз қалай? Немерелеріңіз ержетіп жатыр ма? Ауыл арасында не жаңалық, ел аман, жұрт тыныш па?
Біраз уақыттан бері сізге хат жазуды құнттап жүргем, бүгін қолға алып отырмын. Бүгін емтиханнан шығып уақыт тауып бір ұзағынан хат жазайыншы деп ыңғайландым. Оқу барысы сол, қиын, бірақ өте қызық. Емтихан науқанында күнде түннің ортасына дейін сабақ оқимын . Студенттік өмір – қызығы мен шұжығына толы тылсым дүние.
Кеше екі қазақ қыздарымен таныстым, „Болашақ“ бағдарламасымен келіпті. Біреуі Өскеменнен, тағы біреуі Тараздан. Менің факультетімде оқуды бастады. Факультетті өздері таңдамапты, сол бағдарлама қай факультетке жолдайды, сол факультетте оқуға мәжбүр екен.. Олар да менің факультетіме кезіккеніне өкінбейді.

Біреуі Болашақ арқылы келгеніне өкінеді. Өз еркіңмен оқи алмайсың, белгілі бір бағаға ілiнуге тырысып, жақсы бағаға оқу мойнына міндеттелген. Солай біраз әңгімелестік.
Басқа тілдің мәшәқаты көп, неміс тілі күрделі, одан өзіңіз де хабардар боларсыз.. Бір жақсысы мұндағы профессорлар өте қарапайым, сен студентсің, мен профессормын деп тәкаппарланбайды. Қиыншылықтарды, ұқпағандарыңды айтып, бұйымтайыңмен барсаң, ылғи түсінікпен қарап уақыт береді, қиншылықты шешетін тиісті кісілерге бағдарлап отырады. Университетте тек қана сабаққа қатысты жағдайларда емес, арнайы шетелдіктердің ісімен айналысатын жауапты мамандар да бар.

Әр айдың бірінші сәрсенбісінде өң шетелдік студенттер, яғни бүкіл әлемнің өкілдері жиналып университетте кофе ішіп, ырду-дырду, сабаққа байланысты, жалпы студенттік өмір жөнінде тәжірибе алмасамыз, танысамыз, шүйіркелесіп әңгімелесеміз. Бұрын соңды көрмеген, тіптен естімеген ұлттар, ұлыстарды кездестіресің. Әрине қанша ұлт бар, сонша мәдениет, сонша тарихпен танысасың. Бір-бірімен танысып-білісіп дос боп кеткендер көп. Еуропа кішкентай ғана жер болғанымен көп ұлттардан, елдерден тұрады. Каникулда 1-2 күнге, тіптен 1 аптаға басқа елдерге барып қайтамыз. Солай, қай елден болса да шетелдіктер үнемі бірге жүреді. Ал немістерге келсек, олар кейбір шығыс елдеріндей аузы ашылса жүрегі көрінетін ашық-аңғал халық емес. Ойын саралап тоқ етерін айтады, ісіне тиянақты, мінезі тұйық халық. 1-2 минут кешіксең жақтырмайды.. Университеттегі студенттің басымы әрине немістер. Жалпы өз білім жүйелеріне көңілдері толмайды, реформа енгізбекші, қарап отырсаң әрқашан көңілі көншімейтін сияқты, әр нәрсенің ақауын тауып, айтып, түзетіп жүреді. Бірақ менің ойымша cалыстырмалы түрде алғанда, бұл елдің білім жүйесі біздікіне қарағанда әлдеқайда ілгері. Кітап оқу мәдениеті кеңінен таралған. Саяси білімге де қанық, қоғамдағы көңілінен шықпаған жағдаяттарға халық өз ойын белсенді білдіріп отырады. Студенттердің көзі ашық, көкірегі ояу. Өз таңдаған мамандығына қызығушылық білдіріп, жауапкершілікпен қарайды. Бұл профессорларға да қатысты. Парақорлық, сыбайластық-жемқорлыққа университетте жол берілмейді, пара алу- университетке бейтаныс, атауымен жоқ ұғым. Қазіргі оқуым бұрынғы студенттік өміріммен салыстыруға да келмейді!
Мүмкіндіктер басқаша, бұрынғыдай жәй ғана лекцияға барып-келу мақсат емес, сол лекцияны барынша түсіну, әры-қарай ой өрбіту мақсат. Және де студенттер өзіне ұнаған пәнін еркін таңдауға мүмкіндік берілген. Өз маманынан тыс „жалпы-білімге“ жататын пәндерді таңдап, білмегеніңді біліп, білгеніңді тереңдетсең болады. Сабақ жоспарын деканаттағылар біздегідей дайындап, барлығына арнап іліп қоймайды. Қанша студент бар, сонша түрлі сабақ жоспары бар. Яғни әр студент өз сабағына өзі жауапты. Сабағын топпен бірге бітіре ме, жоқ асықпай 1-2 семестр кешірек бітіре ме өз қолында десе болады. Әрине менің тобымдағылармен сабақтың басымын бірге өткіземін. Бірақ философия, социология сияқты пәндерді қызығушылығыма қарай өзім таңдаймын. Былтыр философияны таңдадым, Кант, Гегель, Маркс сияқты философтардың еңбегін талқылап, бұрындары еш қызықпаған, түсінбеген пәлсәпа ғылымдарын қазір тереңірек түсінгендеймін. Не туралы жазғанын ертеректe түсініп болмағам, сөйтсем пәлсапашылардың сұрағы өмірдің мәні хақында екен. Жаттанды нәрсені айтып беріп баға алып, ертеңіне ұмытып кетуші едік… Қазіргі оқу орнымда көп нәрсені көңілге тоқып, тек мазмұнын біліп қана қоймай, мағынасын да түсіне білу лазым. Маркс айтқан екен: „Адамды адам еткен еңбек“ деп. Бұл сөздәйектің тікелей мағынасы түсінікті сияқты болғанымен, қосалқы мағынасы әлдеқайда терең екен, қазір түсініп білгендеймін. Тек ерең еңбекпен ғана көздеген мақсатыңа жетеді екенсің. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген кісінің ісі ешқашан алға баспайды.

Неміс тілі былай тұрсын, қазір қазақ тіліне де ден қойдым. Неміс тілін жетік біле бастағаныммен бірге ана-тілді жетік білмейтінім біліне бастады. Мүмкін мектептен кейін қазақша оқымағаннан болар, мүмкін біздің орыс тілі – ұлы тіл деген тәліммен өскен, „отарлық санамызда“ болар, әйтеуір қазақ тілім ақсап қалғандай. Қазір сол өз уақытында көңіл бөлмеген қазақ әдебиетіне бет бұрдым. Былтыр Алматыда сатып алған кітаптарымды шетінен оқып, өзіме көп жаңалық ашып жатырмын. Көбіне Кеңес өкіметінің гүлденіп тұрған уақытында жазылған шығармалар, мысалы: „Жапандағы жалғыз үй“, „Шұғаның белгісі“, „Ұшқан ұя“ т.б. еңбектерден про-кеңестік пропаганда иісі бұрқырап тұр, яғни пролетариат көтерілісін қоштап, қоғами теңсіздікке қарсы күрестер баяндалған, насихатталған. Екінші жағынан адал да аңқау, қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін бейнелеген. Кітаптар көптеген қазақи дәстүр мен ырым-үрдістердің түп-тамырын дa ұғымды етеді. Шетте жүргенде ең бірінші өз мәдениетің туралы ойлай бастайсың, неге біз былаймыз, бұлар басқаша деп, бұрындары түсінікті болып көрінген құбылыстарға шүйлігіп сынмен сұрай бастайсың. Басқалар сұрай қалса, өз тарихынан мәлім кісі ұялып төмен қарамайды. Сол себептен де білдей бір елдің өкілімін, дымбілместің кейпін келтірсем, бөтен кісі бүкіл қазақты менімен өлшейді емес пе!? Ұятыма тырысып қолыма түскен кітапты оқып, ой-өрісімді, ғылым-білім өрісін кеңейтуге тырысып жүремін. Білім түбіне жетпейсің, бірақ сонда да „Век живи, век учись“, әлі де білгенім аз, білмегенім шексіз… Қазіргі көзқарасым, дүниетанымым осылай. Германия туралы мүмкін келесі жолы жаза кетермін. Жалпы атап өтсем: пенде қай жерде бомасын пенде ғой. Мұнда да кәдімгі адамдар, күйбең тіршілік. Бірақ салыстырып қарасам, өмір ағымының айырмашылығы әлдеқайда алшақ! Заман талабына сай, көп нәрседен ілгері. Мен қазір интернеттегі пернетақтамен қазақша әріптерді теріп отырмын. Қазақ интернетіне қатысып, Қазақстандағы таныстастарыммен интернет арқылы тікелей сұхбаттасып тұрамын. Соңғы уақытта Қазақфильмнің туындыларын интернеттен көріп жүрмін. Жақсы, сапалы фильмдер шығып жатыр. „Подарок Сталину“, „Рэкетир“ тағы басқа көптеген қазақша фильмдер жарық көріп жатыр. Барлығын болмаса да, біразын көрдім. Ұнады. Қазақстанның фильм өндірісі қарқынды дамып келе жатқаны, шетелдің ділін, дінін насихаттайтын кейбір әдепсіз фильмдерден арылуымызға жол ашады деп сенемін. Болашақта тек өз мәдениетімізге, тәлім-тәрбиемізге сай шығармаларды көгілдір экраннан көре алу мүмкіндігі қуантады .

Ал мен хатымды аяқтайын. Баяғыдан бері бір отырып ұзағынан жазайын деген ой болып, уақыт тапшы боп жүр еді, бүгін орайы келді! Бұл менің Еуропадағы студенттік өмірімнен қысқаша бір үзінді.

Лажы болса сіз де жазып тұрыңыз.
Сәлеммен Сымбат

2008ге шолу

Бұл жыл мен үшін көп жақсылық ала келді. Кейбір нәрселер есте қалмапты…

Жылдың даналық сөзі:

Дүниде барлық нәрсе өткінші…

Жылдың үздік сайты:

www.solai.de / www.massagan.com

http://blogs.wsj.com/photojournal/

Жылдың үздік блогы:

Нұрғиса
Балғырған
Айко

Жылдың үздік тағамы:

Döner Kebab

Мясо по французски

Жылдың үздік сусыны:

cranberry сусыны

түріктердің сұйық айраны

Жылдың естен кетпес әсері:

Туған күнімде мінген „карусель“ (қан қысымым бірден көтерілген..)
140 km/h жылдамдықпен келе жатқан көлікте кітап оқимын деп, жүрегімнің тарсылдап, жаман болғаны, клаустрофобиясы бар адамдай, көлікті автобанның ортасында тоқтатып, далаға атып шығып, қызық болған..Ешқашан ұмытпаймын!

Осы жылда пайда болған қызығушылық:

Пәлсафа ғылымдары

Жылдың үздік тілі:

Ана тілім-қазақ тілі… :)

Орындалмаған ниеттер:

Ағышын тілі мен түрік тіліне ден қою

Үздік қала:

Будапешт

Дрезден

Жылдың ең үздік орны:

Университет кітапханасы мен асханасы :)

Үздік әнші:


Үркер

МузАрт

Dido

Үздік фильм:

Кек

Үздік кітап:


Шұғаның белгісі
Ұшқан ұя
Триумфальная арка

Жылдың ұмытылмас күні:

Жаздағы денемнің күнге күйіп, қып-қызыл боп, қол тигізбей ауырғаны..
Алдыңғы күні 28.12.2008 сүйектен өткен қара суық, естен кетпес қақаған аяз..

Ең керемет түн:

Алгеро қаласында, Ла сиеста би кешінде. Таңға жуық үйге қайтардағы табиғат көрінісі… Сөзбен жеткізе алмаймын..

Сәтті сатып алынған бұйым:

Фотоаппаратыма дән ырзамын!

Көп нәрсе есте қала бермейді екен.. Баяғыдан бері күнделік жүргізбесем деген ой бар еді, соны қолға алу керектігін байқадым.. Сіздерге жаңа жылда жаңа сәттіліктер тілеймін! :D




Осы уақытқа дейін не істеп үлгердім?

Мен де үлгергенімді үстінен сызып қойдым :)

1. Өмірді сүйіп … (қазір де сүйемін, жек көріп те үлгердім ..)
2. Түнімен ұйықтамай … (Алманиядағы алғашқы емтихан, Қыдыр түндері, соңғы бал..)
3. Теңізге барып …(Солтүстік теңіз жағалауында „мекендейм“)
4. Бақыттан біреуді қатты құшақтап …
5. Үлкен иттен қашып …(Бұл мен үшін үлкен азап болатын, мектепке баратын көше бойы бос жіберілген үлкен иттер, қазір де иттен жаман қорқам)
6. Өсімдік өсіріп … (жетеді, неше түрі, отросток таратамын :) немістер айтады: ең алғаш өсімдік өсіре біл, одан соң ит не мысыққа ие бола біл, егер осы екеуін ілгерсең, балалы болуға дайынсың!, иттен қорқам, жоспарда мысық :D )
7. Үйден қашып … (ауылда тұрғанда, апам үйіне, не нағашы ағамның үйіне кетіп қалатынмын, үн-түнсіз)
8. Боранда жүріп
9. Жаңбырдың астында қалып, шылқылдап су болып … (Алматыда талай, осында күніге..)
10. Досыңнан айрылып … (Шок…, 2-жылға созылған қайғы, жаралы жас жүрек.. Көлік айдауды армандаудан бас тартумен аяқталды. Есіме алсам, қазір де көз жасым шүйіріліп даяр тұр.. :cry: )
11. Дәл сенің туған күніңде туған адаммен дос болып … (Дәл менің туған күнім болмаса да, бір күн бұрын туылған қызбен қатты дос болдым, алдыңғы жазбадағы, қыршынынан қиылған жан досым.. :cry: )
12. Жалғыздықта серуендеп
13. Жолбарысты сипалап …жолбарыс болмаса да жыланды сипалағам ;)
14. Жүгіріп келіп суға секіріп … (ылғи, әйтпесе мені суға түсіру оңай емес, суық деп тітіркеніп тұрып аламын..)
15. Таңды қарсы алып … (сол баяғы мектеп)
16. Бірнеше күн жалғыздықта болып
17. Қатты мас болып …(бір жолы..құсып, ауырып, құрысын..)
18. Терезе шағып …(стақанды шаққам)
19. Бір адамды балағаттап …
20. Парашютпен секіріп …

21. Мысық, күшік, ит немесе басқа да жануар асырап …(жоспарда..)
22. Шұңқырға құлап … (кішкентай кезімде ылғи құлайтынмын да жүретінмін.. :D тұсауы дұрыс кесілмеген дейтін жұрт, бірақ менің тұсауым 3 рет кесілген :) )
23. Қатты шошып
24. Біреуге аса бағалы сыйлық сыйлап …(аса бағалы дегенде 6 нөль болуы тиіс пе?)
25. Бірнеше сағат біреумен телефонмен сөйлесіп … (3-4 сағат)
26. Ғашық болып, оны білдіріп … (мектепте..)
27. Қайта суынып …
28. Біреуді жек көріп …
29. Орманда адасып …(бір жерді айналшықтап жүргенім бар)
30. Фонтанға түсіп
31. Палаткада ұйықтап … (Алматының тауының жағасында майовкалар)
32. Поезда 7 күн жүріп … (проводник емеспін… ;) )
33. Ұшақпен ұшып
34. Жаңа жылды жалғыз қарсы алып …
35. Қанға тойған масаны өлтіріп …(Қанды кек… :D )
36. Тірі көбелекті қолда ұстап
37. Музыка тыңдап ұйықтап …(14-16 жасымда күніге..)
38. Отқа піскен картоп жеп
39. Күні бойы күннің астында жүріп … (каналда шомылатынбыз, қызылшаға шығатынбыз..)
40. Аспанға қарап, жұлдыздарды тамашалап … (күнде, күрешке қайда қарап тұр деп, бір қараушы едім…)
41. Маңызды бірнәрсені ұмытып
42. Түнде sms-жазысып
43. Караокеде өлең айтып … (Yesterday,
all my trouble seemed so far away :o )
44. Күні бойы кітап оқып … (Коэльоның 1 кітабына, арасында тамақ ішіп..)
45. Жылағың келсе де күліп …

46. Бір фильмді басынан аяғына дейін 5 рет көріп … (бар ондай фильмдер: Firelight (Sophie Marceau)
47. Біреуге “енді сөйлеспей-ақ қояйықшы” деп айтып …
48. Алақаның ауырғанға шейін шапалақ ұрып …(көңілімнен шыққан әр қойылым)
49. Дымың құрығанша билеп
50. Темекі бастап, қайта тастап …(бастамадым да, тастамадым да)
51. Суретті сүйіп … (Інімнің суретін шөлпілдетіп тұрып сүйем :o )
52. Құмнан үй салып …(балалық шақ..)
53. Күн күркірегеннен ұйықтай алмай … (найзағай тура біздің үйге түсе ме деп қәуіптеніп… :P )
54. Шет елде болып
55. Фильмнің ақаулықтарын аңғарып … (Маған бәрібір, мессаджы жақсы болса, бәрі де жақсы болады ;) )
56. Ағашқа өрмелеп шығып …
57. Ең жек көретін нәрсені қайта жақсы көріп …

58. Өміріңді түбегейлі өзгертіп …(шабаданымды жинап тайып тұрдым…)
59. Жолда жүру куәлігінсіз көлікті айдап … (өстіп ел жоқ жерде үйреніп жүрмін)
60. Бәстесуден жеңіп … (сенімді болмасам бәстесуден бірден бас тартам)
61. Музыканы бар даусына қойып, тыңдап … (еден жуғанда, үй әктегенде, есік алді*’ сыпырғанда)
62. Біреуге ренжіп, бір күн бойы ешкіммен сөйлеспей …
63. Мұғалімді/бастықты/үлкен лауазымды біреуді наққа жіберіп …
64. Хормен өлең айтып … (бір туған күнде)
65. Халықтың алдында жалғыз шығып өнер көрсетіп …(ауылда, мектеп қабырғасындағы оқиғалар ғой)
66. Жануарларды суретке түсіріп...(мында)

67. Торт жасап …
68. Аспанды суретке түсіріп … (бұлттарды)
69. Өлең жазып
70. Біреуді құтқарып …
71. Концертке барып
72. Күні бойы компьютердің алдында отырып …(Керекинфода талай отырушы едім, жақсы сайт еді жарықтық.. :) )
73. Өз-өзіңе қол жұмсамақ болып …
74. Қолыңды қағазбен тіліп алып
75. Ауырғанна шок (болевой шок) алып …
76. Тізеңнен келетін суда жүзуге талпынып
77. Баспалдақтан құлап …(шалынысып, аяғымды қайырып алып…)
78. Үйлену той көйлегін киіп …(күзгі балда)
79. Үлкен бір кітапті бірнеше сағаттың ішінде оқып шығып
80. Депрессияда болып
81. Шетелдікпен әңгімелесіп
82. Танымал жұлдызбен сұхбаттасып
83. Өлім аузында қала жаздап … (нәресте кезімде)
84. Көп қабатты үйдің шатырына шығып …
85. Рухани өліп, қайта тіріліп …

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек- АМСК. Бұл ұғымды көбіне көлік апаты немесе ақ халаттылармен байланыстырамыз. Қауіптің басымы жолда бола бермейді. Оған қарағанда алғашқы көмекті көсете білудің күнделікті өмірде маңызы зор-ақ. Яғни үйде, жұмыста не демалыста, спортпен шұғылдану барысында оқыс жағдайдың болуы, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсете білуіңізді қажет етеді.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсете білу адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Апат айтып келмейді, және де ешкім оған қарсы сақтандырылмаған. Кенеттен жұбайыңыз инфарктқа ұшыраса, ойын баласы жазатайым зақым алса немесе әріптесіңіз жұмыс үстінде жарақат алса алғашқы көмекті көрсету әркімнің азаматтық міндеті. Дәрігер маманы келмей тұрып, жылдам көрсетілген медициналық көмек, жарақатталған жанның денсаулығының, болашағын шешеді. Германияда мектепке мұғалім, балабақшаға тәрбиеші болып орналасар алдында „АМСК“ көрсете алады деген куәлігіңіз болуы және „АМСК“ курсына әр екі жыл сайын қатысып, біліміңізді жаңартып тұруыңыз міндетті. Көлік жүргізуді үйренген жағдайда да, „АМСК“ курсына қатысқаныңыз жөнінде ары кетсе екі жыл бұрын берілген куәлік болуы лазым. Мені толғандыратын мәселе, біздің мұғалім немесе басқа мамандарымыз алғашқы көмек курстарына қанша жыл сайын қатысуға міндеттелген. Немесе Сіз алғашқы көмек көрсете аласыз ба? Көшеде біреу құлап жатса, немесе көлік апаты болған жағдайда лайық әрекет жасайсыз ба? Яғни барып көмек көрсетесіз бе, жоқ біреу-міреу келер деп өз жолыңызбен кере барасыз ба? Соңғы рет қашан немесе жалпы „АМСК“ курсына қатыстыңыз ба? Қазақстанда арнайы курстарға қатыспай ақ, алғашқы көмек көрсетуді білмесе де куәлікті болу мүмкін бе? :roll:

Жалғасы бар…

Би билеуге қалайсыз?

„Ритмдi ұста!“ Антонио Бандераспен :D

Алдыңғы аптада осы фильмдi қарап, тангоға қатысуды, яғни танго үйренудi шештiм. Фильмнiң осы эпизодын ютюбтен сан қайталап көруден жалықпаймын. Сiздермен де бөлсейiн дедiм. Биге қатысу үшiн партнер керек екен, ендi қайдан iздеп таптым!? ;) Осында неше түрлi би үйірмелерi бар. Көптеген егде ерлi-зайыптылар биге белсендi қатысып, хоббилер санатына қосып жүредi. Бiзде осындай үйірмелер бар ма? Жоқ әлде „бидi үйрену де өнер боп па?!“ деген ұстаным қалыптасан ба?