Наурыз Ольденбургке де жетті

Алманияға келгелі қазақ студенттері ұйымдастырған отырыс-мейрамдарға қатыспаппын. Былтыр президент деген Қарақат пен Қыдырәліні, оған қоса Ұлытау тобын ертіп келіпті. Одан да құр қалдым. Елдің барлығы жанталасып сабақтан сұранып жүргенде, менің беймарал жүрген жайым бар. Мүмкін көп студенттер Болашақ бағдарламасымен келгендіктен болар, бәрі бір-бірін танитындай көрінетін. Өзімді бөтен қозыдай сезінгім келмейтін :) Біздің университетте мен білетін 5 қыз осы бағдарламаның степендияттары. Аллаһ бұйырса oлap биыл ат басын елге тартады.
Сонымен биыл Наурыз мейрамын дәл мен оқитын университетте ұйымдастырса бола ма… Күтпеген жерден виртуалды түрде танитын, неміс жеріндегі біраз студенттермен кездестік. Келсем университеттің алдында көк жалауды желбіретіп, аппақ киіз үйді құрып та үгеріпті. Қазақ диаспорасы да көмегін аямапты.
Барлық студенттер келе алмаса да, кездесу жақсы өтті. Қазақ жүрген жерде домбыра қалсын ба!? Ән де айтылды, күй де шертілді, Қамажай биі де биленді. Немістерге қыз қуу мен қыз ұзату да көрсетілді. Қазақтың дастарханы да молынан жайылды. Наурыз көжеден дәм татып, мұндағы дефицит жылқының еті де желінді. Елшіміздің үлкен басын кішірейтіп, студенттердің шақыруын қабыл алып, мейрамға бас сұғып кеткені ұнады. Оған қоса қазақшасы судай екен! Алманиядағы қазақтардың лауазымды өкілі ана-тілін баптайтындардың қатарынан екені қуантты.
Кешке жастар қалып, би кеші болды. Сөйтіп „жерлес отандастарымды“ көріп көзайым болдым :)

4 Antworten

  1. Сендердің елшілерің Қайрат Сарыбай еді ғой, егер әлі сол кісі болса, ол кісіні мен Туркиядан танимын..Мен оқыған жылдар Туркияда Елші болған..Нағыз шешен адам..Қазақша сөйлегенде де, түрікше сөйлегенде де өте әдемі сөйлейтін..Туркиядағы ресми жиналыстарда сөз сөйлеуге шыққанда қазақша және түрікшені емін еркін сөйлейтін..Бір рет есімде біздің бір түрік профессорымыз бар еді..Сол профессор Қайрат Сарыбайдың түрікше сөйлегенін естігенде ұзақ уақыт басын шайқап отырған болатын, таңқалғанын жасырмай..

    Ал шет елде жүрген қазақ жастары шыны керек ұйымшыл келеді…Оны мен де жақсы білемін..:)

  2. Жоқ, қазір Нұрлан Оңжанов деген кісі.

  3. А, кезінде сол Қайрат Сарыбай болатын..

    Нұржан Оңжанов дегенді бірінші рет естіп отырмын..

  4. Kelisemin. Wettegi qazaqstudenter ote uimwyl.

Eine Antwort schreiben